РАМАЗАН – мүмкіндігі мол ай 

Қасиетті Рамазан айы келгенда ораза тұту – әрбір мұсылманға парыз. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз болды, бәлкім сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде» деген. («Бақара» сүресі, 183-аят). Рамазан айынан басқа уақытта тұтылған ораза ерікті болып есептеледі. Бұл айдағы ораза – парызымыз. Қасиетті Рамазан – мұсылмандардың  асыға  күтетін бере­келі  айы. Ораза ұстау адам баласының  жаны  мен  тәнін  тәрбиелейді.

Ораза деген тек ішіп-жеуден ғана тыйылу емес. Ораза ұстаушы барлық ағзасына да ораза ұстатуы тиіс. Яғни, тілімен өсек айтпау, қолымен біреу­ге  зиян  жеткізбеу, көзімен  арам етілген дүниелерге қарамау секілді іс-әрекеттерден сақ болу қажет. Сондай-ақ, құлшылыққа аса ден қойып, ізгі істермен, сауабы мол амалдармен көбірек  айналысуы  маңызды.

Рамазан айының өзге айлардан артықшылығы – қасиетті Құран түскен ай. Бұл айда қасиетті Қадір түні бар. Қадір түнi – артықшылығы мол, қасиетi басым түн. Қадір түні Алла  Тағалаға көбірек құлшылық жасап, дұға тiлеуден еш жалық­пауымыз тиiс. Рамазан айында ораза құлшылы­ғын шын ниетімен, бар ынта-ықыласымен ұстаған кісі Алланың мол сауабына кенеледі.