Фоторепортаж: қары жоқ қысқы Олимпиада қаласы – Милан

МИЛАН. 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары Италияның Милан қаласын әлем назарындағы басты орталықтардың біріне айналдырды. Әдетте сән мен дизайнның, іскерлік өмір мен тарихи архитектураның символы саналатын қала бұл жолы спорт мерекесінің тынысын сезініп жатыр.  Миланға келген сәттен-ақ көктемнің лебі сезіледі. Қала көшелерінде қар жоқ, шөп көгеріп тұр.

Ауа райының жылы болуына байланысты тұрғындар қалың киінбейді, велосипед пен мопед мінген жастар көп. Қала тұрғындарының айтуынша, 2026 жылдың алғашқы қары қаңтардың соңында жауғанымен, көп ұзамай еріп, арты жаңбырға ұласқан.

Тарихы терең Милан – Еуропадағы ең ірі қалалардың бірі. Сонымен қатар, қала сауда, өнеркәсіп, музыка, спорт, әдебиет, өнер және бұқаралық ақпарат құралдары салаларында ықпалы зор, әлемге сән мен дизайн астанасы ретінде танымал.