Қарағанды 2028 жылы ТМД-ның жастар астанасы атанады

Қарағанды қаласы 2028 жылғы ТМД-ның жастар астанасы болып жарияланды, деп Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев хабарлады. 

— ТМД Үкімет басшылары кеңесінің бұл шешімі – Қазақстанның халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудағы беделіне берілген жоғары баға әрі Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан жастарды қолдауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі. Бұл – Қарағанды облысы үшін үлкен мәртебе әрі өңіріміздің әлеуетіне көрсетілген зор сенім, – делінген әкімнің жазбасында.

Қарағанды облысы әкімінің мәлімдеуінше, бүгінде облыста 303 мыңнан астам жастар өмір сүреді. 

— Олар – білімге ұмтылған, ел дамуына бей-жай қарамайтын, бастамашыл әрі талантты жастар. Дәл осы буын еріктілер қозғалысын, ғылым мен білімді, кәсіпкерлік пен қоғамдық бастамаларды жаңа деңгейге көтеріп келеді. ТМД-ның Жастар астанасы мәртебесі Қарағанды үшін халықаралық жастар ынтымақтастығын кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және ауқымды жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.

Әкім бұл жауапты міндетті абыроймен атқарып, халықаралық деңгейдегі жобаны жоғары дәрежеде ұйымдастыратынына сенім білдірді.

— Барша Қарағанды облысының тұрғындарын және Қазақстан жастарын осы айтулы жаңалықпен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің болашағы – жас ұрпақтың білімі мен жігерінде, қажыры мен жасампаздық рухында, – деді ол.

(АСТАНА. KAZINFORM)