Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінде 18 мыңнан астам адам еңбек етеді

Жыл сайын маусым айының екінші жексенбісінде Қазақстанда Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күні аталып өтеді. 

Бұл кәсіби мереке — отандық өндірістің дамуына, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға үлес қосып жүрген сала мамандарына көрсетілген құрметтің белгісі. Бүгінде бұл салада мыңдаған маман еңбек етеді. Олардың күнделікті еңбегі өндірісті жаңғыртуға, жаңа бағыттарды дамытуға және қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашып отыр.

Жеңіл өнеркәсіп әлеуметтік маңызы жоғары салалардың бірі және соңғы бес жыл бойы тұрақты өсім көрсетіп келеді.

— 2025 жылдың қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 22,6%-ға артып, 259,5 млрд теңге болды. Өсімнің негізгі үлесі өндіріс көлемі 159 млрд теңгеге жеткен тоқыма өнеркәсібіне тиесілі болды.

Бұл сала өңдеуші өнеркәсіптегі ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі болып қала береді. 2026 жылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 77,1 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 225,2%-ды құрады.

Ең жоғары өсім тоқыма өндірісінде тіркелді. Бұл бағыттағы өндіріс көлемі 46 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 296%-ды құрады. Киім өндірісінің көлемі 25,2 млрд теңгеге (НКИ — 135,8%), былғары және оған қатысты өнімдер өндірісі 5,8 млрд теңгеге (НКИ — 142%) жетті, — делінген министрлік хабарламасында.

Бүгінде жеңіл өнеркәсіп саласында 18 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтып отырған 1,4 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Сала құрылымында киім өндіретін кәсіпорындар басым, олардың үлесіне жұмыс істеп тұрған компаниялардың жартысынан астамы тиесілі.

Саланы одан әрі өрістету мақсатында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2026-2030 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспарды бекіту бағытында жұмыс жүргізуде.