Моңғолияда қазақстандық экспортты ілгерілету және бизнесті қолдау мақсатында Серіктестік кеңсесі ашылады.
2026 жылғы 17–19 маусым аралығында Сауда және интеграция министрлігінің Бірінші вице-министрі Айжан Әділқызы Бижанова бастаған қазақстандық делегация Моңғолияға жұмыс сапарымен барды.
Сапар аясында Моңғолия Үкіметі басшылығымен, атап айтқанда Премьер-министрдің орынбасары Нямтайширын Номтойбаярмен, Өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрі Гонгорын Дамдинняммен, Экономика және даму министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Идэшийн Батхуумен, сондай-ақ елдің бизнес және салалық қауымдастық өкілдерімен кездесулер өтті.
Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту перспективаларын, өзара сауда көлемін ұлғайту, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, көлік-логистика бағыттарын дамыту және екі ел кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Сапар барысында тау-кен және өңдеу өнеркәсібіндегі ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Бұл бағыт Қазақстан мен Моңғолия арасындағы өзара іс-қимылдың ең келешегі зор салаларының бірі саналады.
Кездесулер барысында минералдық-шикізат қорын игеру, пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу, жоғары қосылған құны бар өндірістік тізбектерді дамыту, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану саласында тәжірибе алмасу мәселелері қарастырылды. Қазақстан тарапы тау-кен өнеркәсібі кәсіпорындарының әлеуетін таныстырып, шикізатты өңдеу, өнеркәсіптік жабдық шығару және заманауи технологияларды енгізу бағытындағы мүмкіндіктерін ұсынды.
Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі – «QazExportPromotion» АҚ мен моңғолиялық «МАКС ГРУПП» холдингі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы болды. Құжат Моңғолияда қазақстандық экспорттаушыларға қолдау көрсететін, жаңа іскерлік серіктестер іздеуге, бизнес-миссиялар мен көрмелер ұйымдастыруға, сондай-ақ отандық өнімді ілгерілетуге арналған тұрақты жұмыс істейтін Серіктестік кеңсесін ашуды көздейді.