Қазақстан көмір-химияны дамытуға басымдық береді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан көмірді тек отын ретінде емес, терең өңдеуге арналған маңызды шикізат ретінде қарастырып отыр. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Қазақстан көмір өнеркәсібінің VII форумында мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, көмір-химия өнеркәсібін дамыту Мемлекет басшысы белгілеген экономиканы әртараптандыру бағытына толық сәйкес келеді және көмірді жағуға негізделген дәстүрлі үлгіден жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге бағытталған экономикаға көшуге мүмкіндік береді.

Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов: «Жаһандық энергетика жүйесі өзгеріп жатқан кезеңде Қазақстан көмірді тек энергия көзі ретінде емес, терең өңдеуге және жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге мүмкіндік беретін құнды шикізат ретінде қарастырады», – деді.

Оның сөзінше, көмір-химияны дамыту жаңа индустриялық кластерлер құруға, өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін арттыруға және экономиканың жаңа бағыттарын қалыптастыруға жол ашады.

Санжар Жаркешов сондай-ақ Қазақстанның көмір қоры шамамен 33,6 млрд тоннаны құрайтынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай көлем ұзақ мерзімді өндірістік жобаларды іске асыруға, жаңа кәсіпорындар ашуға және көмір-химия саласын тұрақты дамытуға берік ресурстық негіз қалыптастырады.