Атырау қаласында өткен «Қазыналы Каспий» халықаралық балық шаруашылығы форумы аясында Қазақстанның балық шаруашылығы кешенінің негізгі жетістіктері таныстырылып, одан әрі дамытудың басым бағыттары айқындалды.
Форумда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов саланы мемлекеттік қолдау шаралары, инвестициялық жобаларды іске асыру және Каспий теңізінің бірегей экожүйесін сақтау жұмыстары туралы баяндады.
Айтуынша, мемлекеттің жүйелі саясатының арқасында еліміздің балық шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. 2030 жылға дейінгі Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы мен 2025 жылы қабылданған «Акваөсіру туралы» Заң аясында балық өсіру шаруашылықтарының саны төрт есеге артып, 700-ге жетті. Қазіргі таңда тұқы, бекіре және албырт тұқымдас бағалы балық түрлерін өсіру көлемі жылына 26 мың тоннаны құрайды.
Серік Сермағамбетов: «Қазіргі уақытта акваөсіру саласында жалпы құны 60 млрд теңгені құрайтын 40-тан астам инвестициялық жоба қолға алынды. Ең маңызды жобалардың бірі – «Organic Fish» серіктестігінің норвегиялық технологияларды пайдалана отырып, Каспий теңізінде теңіз форелін торлы қоршауларда өсіру жобасы. Жобаның өндірістік қуаты жылына 5 мың тонна өнім», – деді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша балық өнімдері нарығының көлемі 15%-ға өсіп, 108,9 мың тоннаға жетті. Қазақстан балық өнімдерін Еуропалық одақ елдері, Қытай және Ресей сияқты мемлекеттерді қоса алғанда, әлемнің 21 еліне экспорттайды. Экспорттың жалпы көлемі 21,1 мың тоннаны құрады.
Бекіре қорын қалпына келтіруге Атырау бекіре өсіру зауыты елеулі үлес қосып келеді. Соңғы 30 жыл ішінде кәсіпорын Каспий теңізіне 180 миллион дана шабақ жіберді. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасымен зауытты жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл оның өндірістік қуатын жылына 5 миллионнан 7,4 миллион дана шабаққа дейін арттырады.