Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Иранның азық-түлік холдингінің президенті Ғолам Али Сулеймани сүтті терең өңдеу саласындағы ірі жобаны іске асыруға арналған инвестициялар туралы келісімге қол қойды.
Бұл Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жолындағы кезекті нақты қадам.
Сонымен қатар өткен жылғы желтоқсанда Қазақстанға Иран Ислам Республикасының Президенті сапары барысында жасалған ынтымақтастық жөніндегі Рамалық келісім аясындағы уағдаластықтардың жалғасы саналады.
– Жылына 155 мың тонна өнімге жоспарланған ірі жоба Алматы облысында салынады деп межеленуде. Жалпы инвестиция көлемі 35,2 млрд теңге. Қазіргі уақытта белгіленген аумақта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады министрліктен.
Ғолам Али Сулеймани Қазақстанның өңірлік азық-түлік өндірісі орталығы ретіндегі әлеуетінің мықты екенін айта келіп, компанияның елдегі инвестициялық қатысуды одан әрі кеңейтуге қызығушылық білдірді. Ол: «Біз Қазақстанды тек жеке жобаларды іске асыратын алаң ретінде емес, ұзақ мерзімді стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз. Елдің аграрлық әлеуеті жоғары, географиялық орналасуы тиімді және инвестициялық климаты қолайлы. Ірімшік зауытын салумен қатар біз картоп өңдеу және балалар тағамын өндіру салаларында жаңа жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастырып отырмыз», – деді.
Зауыттың құрылысы 2029 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Қол қойылған келісімге сәйкес, инвестор 400 тұрақты жұмыс орнын құру, қазақстандық мамандарды даярлау мен оқыту, сондай-ақ заманауи өндірістік құзыреттер мен технологияларды қамту сияқты маңызды міндеттерді қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, 2028–2038 жылдар аралығында компания Алматы облысындағы жергілікті қауымдастықтарды қолдау және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға жыл сайын 50 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр.
Бұл Қазақстанның сүт өңдеу саласындағы ең ірі жобалардың бірі. Ол шикізат базасының дамуына, отандық сүтке сұраныстың артуына, қазақстандық өнім түрлерінің кеңеюіне және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.