Су мәселесі: Қазақстан мен Өзбекcтан арасындағы диалог нақты нәтиже беріп келеді

Қазақстан Сенатының  жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң мақұлданды.

Қазақстанның су ресурстарының едәуір бөлігі трансшекаралық өзендер арқылы қалыптасады. Сондықтан трансшекаралық су объектілерін тиімді пайдалану, көршілес мемлекеттермен өзара сенім мен тең әріптестікке негізделген су дипломатиясын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелеріне әрдайым ерекше назар аударып келеді. Осы міндеттерді іске асыру аясында Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Келісімнің негізгі мақсаты – трансшекаралық су ресурстарын басқарудың тұрақты әрі тиімді тетіктерін қалыптастыру, мемлекетаралық су шаруашылығы нысандарының қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету және су ресурстарын әділ әрі ұтымды пайдалану. Бұл құжаттың маңыздылығы еліміздің оңтүстік өңірлері үшін жоғары, – деді сенатор Әли Бектаев.

Оның айтуынша, Түркістан және Қызылорда облыстары мен Сырдария бассейніндегі басқа да аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, соның ішінде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі де, сапасы да су ресурстарының жеткіліктілігіне тікелей байланысты. Сондықтан Сырдария өзенінің гидрологиялық режимі тек су шаруашылығының мәселесі емес. Бұл – ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығы, шаруалардың экономикалық жағдайы және өңірдің әлеуметтік даму мәселесі. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы су саласындағы ынтымақтастықтың маңызы жылдан-жылға артып келеді.