Сенат Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекара режимі туралы заңды қабылдады

Құжат екі мемлекет арасындағы мемлекеттік шекара бойындағы қарым-қатынастарды реттеудің бірыңғай негізін құрайды

Сенат «Қазақстан Республикасы үкіметі мен Өзбекстан Республикасы үкіметі арасындағы қазақ-өзбек мемлекеттік шекара режимі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады.

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің басшысы Андрей Лукин заң жобасын таныстыра отырып, келісімге 2024 жылдың 8 тамызында Астанада қол қойылғанын еске салды.

«Келісім 2001 жылдың 16 қарашасындағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы мемлекеттік шекара туралы шарттың ережелерін іске асыру үшін, сондай-ақ қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасын демаркациялау процесі аяқталғаннан және 2022 жылдың 22 желтоқсанындағы тиісті демаркациялау шартына қол қойылғаннан кейін әзірленді», – деді ол.

Құжат екі мемлекет арасындағы мемлекеттік шекара бойындағы қарым-қатынастарды реттеудің бірыңғай негізін құрайды.

Сонымен қатар ол:

шекара мен шекара маңындағы белгілерді күтіп ұстау;

адамдардың, көлік құралдарының, жүктердің және басқа да мүліктің өтуі, ұшуларды орындау және шекара аймағында шаруашылық және басқа да жұмыстарды жүргізу рәсімдерін; шекарадағы оқиғалардың алдын алу және шешу тетіктерін анықтайды.