7 шілдеде Түркия астанасында НАТО-ның екі күндік саммиті басталды. Әскери альянсқа мүше мемлекеттер стратегиялық мақсаттарды, ғаламдық қауіп-қатер, қорғаныс саласына бөлінетін қаржы және АҚШ-тың НАТО-ға қатысты ұстанған саясатын талқылайды. Анкарадағы саммитке НАТО-ға мүше 32 елдің делегациясы қатысады. Тағы Азия-Тынық мұхиты өңірі, Таяу Шығыс және Украина өкілдері де шақырылған. Жиында басты талқы АҚШ ұстанымы төңірегінде өрбуі мүмкін. Ресми Вашингтон альянсқа мүше мемлекеттерден Еуропаның қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, 2035 жылға қарай қорғаныс шығындарын жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына дейін жеткізуді талап етіп отыр. Вашингтон бұл тұжырымдаманы «НАТО 3.0» деп атайды. Жоспарға сәйкес АҚШ альянстағы жетекші рөлін сақтайды, бірақ Еуропадағы әскерін қысқартуға ниетті. Ал Еуроодақ Вашингтон стратегиялық басымдықтарын өзгертіп жіберуі мүмкін деп алаңдайды.
Марк Рютте, НАТО бас хатшысы былай деді: «НАТО-ға мүше мемлекеттер ЖІӨ-нің 5 пайызы көлеміндегі мақсатқа қол жеткізу үшін нақты, сенімді әрі жан-жақты жоспар ұсынады деп ойлаймын. Қазіргі көрсеткіштердің өзі жаман емес. Өткен аптада президент Трамппен кездесу өткізіп, Еуропа елдері мен Канаданың қорғаныс шығындарын арттыру мәселесін талқыладық. Қазір еуропалық елдер нақты қадамға көшті».
Марк Рюттенің сөзіне қарағанда, альянс елдерінің қорғаныс шығындары қазірдің өзінде ЖІӨ-нің шамамен 4 пайызына жақындаған. Кейінгі деректер бойынша, салаға бөлінетін қаржы көлемі жөнінен АҚШ көш бастап тұр.