Шахид-Раджаи портында салынатын терминал қазақстандық тауарлардың жаңа нарықтарға шығуына мүмкіндік береді
Sputnik- Иранның Шахид-Раджаи портында қазақстандық көлік-логистикалық терминал салу жөніндегі BOT келісіміне қол қойылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
BOT (Build-Operate-Transfer – салу, пайдалану және беру) келісімі аясында алдымен терминал құрылысына арналған жер телімі беріледі. Келісім мерзімі – 27 жыл. Оның алғашқы 2 жылы терминал құрылысына, ал кейінгі 25 жылы нысанды пайдалануға арналған.
«Иранның ең ірі порттарының бірінде Қазақстан терминалының құрылуы “Солтүстік – Оңтүстік” халықаралық көлік дәлізінің транзиттік әлеуетін арттыруға, логистикалық бағыттардың тұрақтылығын күшейтуге, сондай-ақ қазақстандық өнімнің Парсы шығанағы елдерінің, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияның, Шығыс Африканың нарықтарына шығу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады», – делінген ресми хабарламада.
Айта кетері, Шахид-Раджаи порты Бендер-Аббас қаласында, Ормуз бұғазының солтүстік жағалауында орналасқан.