Қырғызстанның төрағалығымен Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ғылым және технология министрліктері мен ведомстволары басшыларының 10-шы кездесуі өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі тілшісі.
Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь, Үндістан, Иран, Қытай, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан делегациялары, сондай-ақ ШЫҰ хатшылығының өкілдері қатысты.
Кездесудің мақсаты ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ғылым, технология және инновация саласындағы ынтымақтастық пен өзара әрекеттесуді нығайту.
Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова кездесудің маңыздылығын атап өтті.
«Бішкекте өткен 10-шы кездесуде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ғылым және технология министрліктері мен ведомстволарының басшылары өткен жылды қорытындылап, тәжірибелерімен бөлісіп, ғылым, технология, инновация және ғылымды коммерцияландыру саласындағы инновациялар, өзгерістер, жетістіктер мен жоспарлар туралы пікір алмасты. Әр ел біздің елдер арасындағы ғылыми зерттеулерді одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар жасады», – деді ол.
Қырғыз Республикасының ғылым, жоғары білім және инновация министрі Гүлзат Исаматова өз сөзінде Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі мен мұздықтардың еруіне назар аударып, ШЫҰ елдеріне «Жасыл технологиялық дәліз» құруды ұсынды: «Бұл прагматикалық бастама үш маңызды қолданбалы мәселені шешу үшін біздің технологиялық парктеріміз бен ғылым академияларымыздың интеллектуалды ресурстарын біріктіреді. Біріншіден, бұл климатты дәл бақылау және су ресурстарын басқару үшін бірлескен цифрлық жүйелерді құруды, жаңартылатын және шағын гидроэнергетика технологияларын әзірлеуді және трансфертті, сондай-ақ тұрақты және климатқа сай ауыл шаруашылығында инновацияларды енгізуді қамтиды».
(АСТАНА.KAZINFORM)