Мұңайтпасов атындағы стадион 4 маусымда ашылады

Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы футбол стадионының құрылысы толықтай аяқталды. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желіде жазды.

Аңызға айналған бұл стадионның тарихы 1936 жылдан бастау алады және бүгін ол қайта жаңғырып, заманауи келбетке ие болды.

Стадион Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен салынды. Спорт нысанының жалпы ауданы 18 мың 951 шаршы метр. Стадион UEFA-ның 2-санатына сай келеді және 3 мың 600 көрерменге арналған. Стадион UEFA мен Қазақстан футбол федерациясының стандарттарына сай келетін заманауи спорт жабдықтарымен және жасанды жабынмен қамтамасыз етілген, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Нысанда көрерменге арналған трибуналар, конференц-зал, киім ауыстыратын бөлмелер, медициналық кабинеттер, әкімшілік блок пен техникалық аймақтар, сондай-ақ VIP-ложалар қарастырылған.

– Жобаны іске асыру елорданың спорт инфрақұрылымын дамытуға және қалалық әрі республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізу үшін заманауи жағдайлар жасауға бағытталған, – деді әкім.

Стадионның толықтай ашылуы 4 маусымға жоспарланып отыр. Ол 2013 жылы туған жасөспірімдер арасында БЖСМ мен ОРМБЖСМ командалары қатысатын Қазақстан Республикасының жыл сайынғы футбол чемпионаты аясында өтеді. Чемпионатқа еліміздің түрлі өңірлерінен мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектептері, олимпиадалық резерв мектептері мен футболшылар даярлау орталықтары атынан ең мықты 15 команда қатысады.

(АСТАНА. KAZINFORM)