Қазақстан мен БАӘ стратегиялық сауда-инвестициялық серіктестікті нығайтады

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес пен Еуразиялық экономикалық форум отырыстарына қатысу үшін ресми делегацияны бастап келген Біріккен Араб Әмірліктерінің Сыртқы сауда министрі доктор Тани бен Ахмед Әл Зеюдимен кездесті.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын, сондай-ақ екіжақты келісімдер мен Қазақстан мен БАӘ арасындағы іскерлік байланысты кеңейтуге бағытталған бірлескен бастамаларды талқылады.

Тараптар екі ел арасындағы серіктестіктің тұрақты түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Өзара сауда көлемі артып, инвестициялық байланыстар нығайып, экономиканың стратегиялық маңызды салаларындағы бірлескен жобалар саны көбейіп келеді.

Келіссөздер барысында логистика, сауда, агроөнеркәсіп кешені, қаржы инфрақұрылымы және заманауи технологиялар салаларындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның Таяу Шығыстағы негізгі экономикалық серіктестерінің бірі екені айтылды.

 — Сондай-ақ тараптар 2025 жылдың қорытындысы бойынша БАӘ Қазақстан экономикасына 1,6 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция құйып, елдің ең ірі төрт инвесторының қатарына енгенін атап өтті. Әмірлік инвестицияларының басым бөлігі көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға, саудаға, қалалық ортаны жетілдіруге және өзге де жобаларға бағытталған. Сонымен қатар, екі ел арасындағы тауар айналымы бір жыл ішінде 5 пайызға өскен, — делінген Сауда және интеграция министрлігі таратқан ақпаратта.

2026 жылдың қаңтар–наурыз айларының қорытындысы бойынша Қазақстан мен БАӘ арасындағы тауар айналымы 45,8 млн АҚШ долларын құрады. Бұл ретте Қазақстанның БАӘ-ге экспорты 42,1 пайызға артты.

(АСТАНА. KAZINFORM)