Қазақстандағы туризм: инфрақұрылым, инвестиция және жаңа бағыттар

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда туризм саласы соңғы жылдары экономиканың маңызды бағыттарының біріне айналып келеді. Мемлекет туристік инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріп, ұлттық парктердегі жол, инженерлік желі және сервистік нысандар мәселесін шешуге кірісті.

Туризмге салынған инвестиция 1,2 трлн теңгеден асты

Соңғы жылдары туризм саласына тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай артқан. ҚР Туризм және спорт министрлігі мәліметінше, бұл көрсеткіш 1,2 трлн теңгеден асқан.

– Елдегі туризмнің даму қарқыны 20-30 пайыз аралығында. Инвестицияның негізгі бөлігі орналастыру орындары мен қоғамдық тамақтану нысандарына бағытталып отыр. Себебі сұраныс бар және мемлекет тарапынан инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов.

Нұрбол Байжановтың айтуынша, қазір Қазақстанда 4,5 мыңға жуық орналастыру орны бар. Жыл сайын олардың саны орта есеппен 170-180 нысанға көбейіп келеді. Бұл жұмыспен қамту көрсеткішіне де оң әсер етіп отыр. Министрлік туризмге инвестиция салып отырғандардың басым бөлігі -отандық кәсіпкерлер екенін айтады.