Қазақстан Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі Мадияр Меңілбеков Корольдіктің Өнеркәсіп және минералды ресурстар вице-министрі Халед Әл-Мудайфермен келіссөздер жүргізді. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі мәлім етті.
– Кездесу барысында тараптар тау-кен өнеркәсібі саласындағы Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылап, стратегиялық және аса маңызды минералдарды барлау, өндіру және өңдеу мәселелеріне ерекше назар аударды, — делінген хабарламада.
Тараптар екі елдің салалық мемлекеттік органдары, ұлттық компаниялары және іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды.
Кездесудің қорытындысы бойынша қазақ-сауд байланыстарын одан әрі нығайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.