Ортақ бастамалардың құны 4 млрд долларға жуықтайды. Бұл жөнінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстан-Корея бірлескен комиссиясының сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша 11-отырысында мәлімдеді.
– Өткен жылдарда елдеріміз әртүрлі бағыттардағы серіктестіктің берік негізін қалады. Әсіресе, өнеркәсіптегі ынтымақтастық қарқынды өркендеп келеді. Қазір бірлескен 46 жоба жүзеге асып жатыр. Олардың орындалуы әртүрлі деңгейде, ал жалпы құны – шамамен 4 млрд АҚШ доллары, – деді ол.
Сонымен бірге, министр машина құрастыру, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру салаларындағы серіктестікті дамытуға зор мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, Астана инвестиция тартуға ғана емес, сондай-ақ, өндірісті локализациялауға, технология трансферіне және жаңа индустриялық нысандар құруға мүдделі.
Айта кетейік, кейінгі жылдарда Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық тұрақты түрде өсіп келеді. 2025 жылы екіжақты сауда көлемі 3,17 млрд АҚШ доллары болды.