Геологиялық барлау жұмыстарына мемлекет 470 млн долларға жуық инвестиция салады

Бұл алдыңғы екі онжылдықтағы шығындар көлемімен шамалас.

Алдағы үш жылда геологиялық барлауға екі онжылдықтағы шығындармен шамалас қаржы салынады. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов Astana Mining & Metallurgy 2026 конгресінің пленарлық отырысында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазақстанда жер қойнауын геологиялық зерттеудің ауқымды бағдарламасы қолға алынды. Қазіргі кезде ел аумағын егжей-тегжейлі геологиялық картографиялау жұмыстары басталды. Ал жер қойнауының геологиялық зерттелу аумағы 2 млн шаршы шақырымнан асады.

«Президенттің тапсырмасы бойынша 2026-2028 жылдары геологиялық барлау жұмыстарына тек мемлекет тарапынан 470 млн долларға жуық инвестиция салынады. Бұл алдыңғы екі онжылдықтағы шығындар көлемімен шамалас», – деді Бектенов.