Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) болжамынша, әлемдік электромобильдердің сатылымы 2026 жылы қайтадан өсіп, 23 млн данаға жетеді және бүкіл әлемде сатылатын барлық көліктердің шамамен 30%-ын құрайды.
ХЭА жаңа есебінде 2025 жылы электромобильдердің сатылымының тұрақты өсімі, шамамен 100 елде рекордтық көрсеткіш, сондай-ақ Таяу Шығыстағы соғыстан туындаған қазіргі энергетикалық дағдарыс жағдайында негізгі нарықтарда одан әрі өсу әлеуеті атап өтілген.
2025 жылы электромобильдердің әлемдік сатылымы 20%-ға өсіп, 20 млн данаға жетті, бұл бүкіл әлемде сатылған барлық жаңа автомобильдердің төрттен бір бөлігі электрлік болды дегенді білдіреді. Қытайлық автоөндірушілер әлемдік электромобильдер сатылымының 60%-ын қамтамасыз етті, ал еуропалық және солтүстік америкалық өндірушілер әлемдік сатылымның шамамен 15%-ын құрады.
Есепте электромобильдер негізгі нарықтарда баға жағынан бәсекелестікке қабілетті болып жатқаны, бұл отын бағасының тұрақсыздығына алаңдайтын тұтынушылар сұранысын арттыруы мүмкін екені атап өтілген. Болжамға сәйкес, электромобильдердің әлемдік паркі (екі және үш дөңгелекті көліктерді қоспағанда) 2035 жылға қарай бүгінгі 80 млн-ға жуық электромобильден 510 млн-ға дейін өседі.
Осыған дейн еуропалықтар бензин бағасының өсуіне байланысты жаппай электрлі көліктерге ауысып жатқанын жаздық.
Түркияда электромобиль саны 400 мыңға жуықтады. Қырғызстанда да электромобильдер саны күрт артқанын хабарладық.
(АСТАНА. KAZINFORM )