Қазақстан президенті АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Горды қабылдады.
Қазақстан президенті бұл кездесуде былай деді: «Біз өзекті мәселелерді кеңінен талқылауға мүмкіндік туғанын оң бағалаймыз. Әсіресе, аса маңызды минералдар бойынша C5+1 диалогына қатысуыңызды құптаймыз. Бұл Құрама Штаттардың Қазақстанмен және бүкіл Орталық Азиямен ынтымақтастыққа стратегиялық тұрғыдан мән беретінін көрсетеді. Сондай-ақ Сіздің екіжақты байланыстарды дамытуға қосқан үлесіңізді атап өткім келеді. Қазақстан Америка Құрама Штаттарымен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі арттыруға мүдделі. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Сіз арқылы АҚШ Президенті Дональд Трампқа ыстық ықыласым мен ізгі тілегімді жолдаймын. Жыл соңына қарай біз кездесеміз деп ойлаймын. Сонымен бірге Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысуға шақырғаны үшін ризашылығымды білдіремін».
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджио Гор бірлескен сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ аса маңызды минералдар, көлік-логистика, цифрландыру мен басқа да басым салалардағы ықпалдастық перспективасын талқылады.