Фирдоуси – парсы тілі мен ирандық болмысты қайта жандандырушы

25 ордибехешт (15 мамыр) «Шахнаманы» жазған ақынның құрметіне және оның парсы әдебиеті мен мәдениетіне сіңірген еңбегіне орай «Фирдоусиді ұлықтау және парсы тілін құрметтеу күні» деп аталды.

«Шахнама» – ирандық мәдениет пен өнердің мыңдаған жылдық тарихы. Фирдоуси дүниеге келмегенде, «Шахнама» жазылмағанда, қазіргі ирандықтар ғажайып парсы тілінде сөйлемес еді.

Кең байтақ Иран жері тарих бойында ащы-тұщыны көп көріп, бірқанша құлдыраулар мен шарықтауларды бастан өткерді. Фирдоуси бөгделердің артықшылығы мен зұлым үстемдігімен күресу үшін жергілікті мақтаныштар мен Иранның ежелгі өркениетін тірілтті, халықта елді қорғау деген сезім тудыра алды. “Шахнама” ирандықтардың рухы мен жанына бәрінен бұрын отансүйгіштік және ержүректік сезімін тудыру тұрғысынан әсер етті. Нағыз ирандық “Шахнаманың” бәйіттерін оқығанда отансүйгіштік сезімінен тысқары қала алмай, ержүректік пен батылдыққа бет бұрады.

Фирдоусиді Иранның ұлттық қаһармандарының бірі санау керек. Ол парсы  тіліне қайта жан кіргізген қадірлі ақын. Доктор Абулфазл Хатибидің сенімінше, “Фирдоуси өткен тәжірибеге сүйеніп, орасан зор іс атқарып, парсы тілінің ұлылығын дәріптеп, “Шахнама” кітабын жазу арқылы парсы тілін бөгде сөздердің ықпалынан сақтап қалды, парсы тілінің морфологиялық құрылымын ережесіздіктен қорғап қалды. Парсы тілі өз кемелдігі үшін Фирдоусидің Шахнамасына қарыздар. Сол себепті Фердоусидің есімі парсы тілінің сақталуымен біте қайнасқан”.

“Шахнама” әдеби сөздер мен сөз тіркестері тұрғысынан парсы тілінің ең құнды қазынасының бірі саналады. Ол парсы тілінің дұрыс әрі әдемі сөздерін бойына жинап, оларды келесі ұрпаққа аманаттаған алғашқы ірі кітап болды. Парсы тілі – түрлі ирандық тайпаларды байланыстыратын, біріктіретін және нығайтатын құрал. Фердоусидің “Шахнамасы” парсы тілінің негізін нығайтқаны сондай, ол енді ешқашан жоғалмайды. Сол себепті  “Шахнама” парсы тілінің көмегімен ирандық тайпаларды біріктіру негіздерінің бірі саналады.

Фирдоуси еңбегінің шынайы маңыздылығы анықталып, Иран тарихында өзінің лайықты орнын алғанға дейін жылдар өтуі тиіс болды. “Шахнама” – Фирдоусидің бірегей эпикалық туындысы. Онда ирандықтардың өткені, мәдениеті мен болмыс-бітімі сақталған. Фирдоуси “Шахнаманы” жазу арқылы Иранның өткен тарихын сақтап қана қойған жоқ, барша ирандықтардың ғасырлар бойғы жадын жаңғыртты.   

“Шахнама” – ирандық мифология топтастырылған кітап. Фирдоуси бұл кітапты жазбағанда бүгінде осы аңыздардың көбінен айырылып қалар едік. Бұдан бөлек “Шахнама” – Иранның көне ертегілері мен әңгімелері жырланған кітап, біздің ата-бабамыздың көне әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері баяндалған еңбек. Фердоуси 30 жыл бойы тынбай еңбек етіп, “Шахнаманы” аяқтаған.

“Шахнама” – Иранның тарихы мен мәдениеті және эпикалық оқиғалары суреттелген күнтізбе. Кембридж университетінің ұстазы Чарльз Мелвилдің сенімінше, “Фирдоусидің үлкен жетістігі ирандықтардың тарихын сақтап қалуында. Және жай тарих емес, парсы империясының салтанаты шарықтап тұрған кездегі Иранның тарихы. Алайда маңызды жайт – оны ирандықтардың өз тілінде, яғни парсы тілінде жазғандығы. Фирдоусидің бұл еңбегі – ирандық болу деген үлкен ұғымның бір бөлігі. Өзінің болмыс-бітімінен хабардар болу және өз-өзін түсіну, менің ойымша, Фирдоусиде басқалардан көбірек байқалады”.

“Шахнама” ирандықтарға ғана емес, әлем халықтарына да маңызды, өйткені адамның болмыс-бітімін қарастырады. “Шахнамада” бүкіл адамзат баласына ортақ нәрсе сөз етілген. Бұл – жақсылық пен жамандықтың күресі. “Шахнамада” ізгіліктің зұлымдықты жеңетініне баса назар аударылған. Сондай-ақ бұл кітаптағы маңызды тақырыптың бірі – ақыл.  

Тус хакімінің “Шахнамасы” – даналықтың қазынасы. Кітаптың өне бойы адамдық, жақсы мінез-құлық пен мейірімділікке үйретеді. Тәуелсіз болу, басты тік ұстау, әділетсіздікке мойынұсынбау – “Шахнама” батырларының тұрақты адами-ақлақтық принципі болып табылады.