Қазақстандық дәрігерлер Ауғанстандағы гуманитарлық медициналық миссия шеңберінде жұмысын жалғастырып жатыр.
Қазақстандық дәрігерлер тобы Ауғанстанда жұмысын жалғастырып, халыққа практикалық медициналық көмек көрсетуде және жергілікті мамандармен өз тәжірибесін бөлісуде. Көпбейінді медициналық миссияның құрамына еліміздің травматология, ортопедия, кардиология, педиатрия, хирургия, урология, пульмонология және эпидемиология салаларындағы жетекші мамандары кірді.
Қазақстандық мамандардың жұмысы Ауғанстандағы медициналық мекемелердің бірінің базасында ұйымдастырылған. Халыққа консультациялық көмек көрсетумен қатар дәрігерлер ауған әріптестерімен бірлескен тексерулер жүргізіп, консилиумдарға қатысады, күрделі клиникалық жағдайларды талқылап, пациенттерді одан әрі емдеу тактикасын айқындайды.
Қазақстандық дәрігерлер Ауғанстан халқына алғаш рет көмек көрсетіп отырмағанын айта кету керек. Өткен жылдың қараша айында болған жойқын жер сілкінісінен кейін Қазақстаннан медициналық топ жіберілген болатын. Сол кезде отандық мамандар он күннің ішінде 44 операция жасап, 100-ден астам пациентке медициналық көмек көрсетті.
Анықтама: медициналық миссия Қазақстан Республикасының гуманитарлық бастамасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Қазақстан делегациясының құрамымен бірге Ауғанстанға жалпы көлемі 318,8 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.