Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында ҚазақстанРеспубликасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Курчатов институты арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат ғылыми зерттеулер, кадр даярлау, тәжірибе алмасу және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы бірлескен жобаларды дамытуға бағытталған.
Қол қою рәсімінде Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан мен Ресей арасындағы ғылыми-технологиялық әріптестікті нығайтудың маңызын атап өтті.
- Қазақстан атом саласын кешенді дамытудыкөздейді. Бұл бағытқа атом электр станциясының құрылысы, зерттеу инфрақұрылымын дамыту, инженерлік кадрлар даярлау және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту кіреді. «Курчатов институты» ұлттық зерттеу орталығы осы жұмыстағы негізгі серіктестердің бірі саналады. Қол қойылған меморандум ынтымақтастығымызға жаңа серпін беріп, нақты бірлескен жобаларды іске асыруға негіз болады деп сенеміз, – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде термоядролық зерттеулерді, реакторлық технологияларды, ядролық медицинаны және ғылыми инфрақұрылымды цифрландыруды айқындады.
Сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру көзделген.
Қазақстан мен Ресейдің зерттеу ұйымдарының әлеуетін пайдалану арқылы кадр даярлау және ғылыми тәжірибе алмасу бағытындағы әріптестік те кеңейтіледі.
Меморандумды іске асыру ғылыми-технологиялық байланысты нығайтып, зерттеу базасын дамытуға және атом саласы үшін жоғары білікті мамандар даярлауға ықпал етеді деп күтіліп отыр.
Санкт-Петербургке жұмыс сапары барысында Алмасадам Сәтқалиев Курчатов институтының қызметімен де танысты.
Оған ғылыми зерттеулердің негізгі бағыттары, бірегей зерттеу инфрақұрылымы және ядролық әрі термоядролық технологиялар саласындағы перспективалы әзірлемелер таныстырылды.