Қазақстан мен Түркия сауда айналымын 15 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр

KAZINFORM хабарлауынша, Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және өзара инвестицияларды арттыру бағытындағы жұмыс жалғасады. Бұл туралы Түркия Республикасының вице-президенті Джевдет Йылмаз мәлім етті.‌

Оның айтуынша, аймақтағы және жаһандық өзгерістер екі елдің өзара іс-қимылын күшейтуді талап етеді. Осыған байланысты көлік және логистика саласы негізгі басым бағыттардың бірі ретінде айқындалған.‌

— Каспий теңізі арқылы жүк тасымалын арттырудан бастап, кедендік рәсімдерді жеңілдетуге дейінгі кешенді шаралар қарастырылып отыр. Орта дәліз деп аталатын бағытты Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия сияқты елдердің қатысуымен күшейту көзделуде. Қазіргі жағдайда бұл бағытқа әлемдік сұраныстың артып отырғаны байқалады, – деді вице-президент.‌

Вице-президенттің мәліметінше, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс тұрақты өсім көрсетіп отыр. Өткен жылы тауар айналымы 10 млрд долларға жуықтаған. Алдағы мақсат – бұл көрсеткішті 15 млрд долларға жеткізу.‌

Инвестициялық өзара іс-қимыл да оң динамикаға ие. Түркиядан Қазақстанға 5 мыңнан астам компания инвестиция салып, оның жалпы көлемі 5–6 млрд долларға жеткен. Ал Қазақстаннан Түркияға салынған инвестиция көлемі 2 млрд доллардан асып, мыңға жуық компания жұмыс істеп тұр.‌

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық жаңа кезеңге өтіп, Үкіметаралық комиссияның 14-отырысы қорытындысында 67 тармақтан тұратын іс-қимыл жоспарына қол қойылғаны хабарланған еді.