Өзбекстанның «гүлдер қаласы» атанып кеткен Наманган қаласында 65-ші халықаралық гүлдер фестивалі өтіп жатыр. Бұл туралы Анадолы агенттігі мәлім етті.
Тарихы 1961 жылдан бастау алатын мереке 24 мамырда басталып, 2026 жылдың 12 шілдесіне дейін жалғасады.
Елдегі ең маңызды мәдени іс-шаралардың бірі саналатын фестивальге 500-ге жуық жергілікті және шетелдік бағбан, флорист пен дизайнер қатысты. Мұнда сирек кездесетін түрлерді қоса алғанда, гүлдердің 1000-нан астам сұрыпы ұсынылған.
Іс-шара аясында Наманганның «гүлдер қаласы» ретіндегі беделін нығайту мақсатында қала бойынша заманауи ландшафтық және дизайнерлік шешімдермен безендірілген стендтерге, декоративтік бұйымдар мен миниатюраларға шамамен 120 түрлі гүлдің 150 миллион түбі отырғызылмақ.
Дәстүрлі автопарад та жоспарланған. Оның аясында тірі гүлдермен безендірілген түрлі маркалы 200-ден астам көлік Наманган халықаралық әуежайынан Бабыр саябағына дейінгі 10 шақырымнан астам жолды жүріп өтеді.
Фестивальдің басты алаңы — Бабыр саябағында шамамен 8 гектар аумақта 250-ден астам бағбан, флорист және дизайнер дайындаған ауқымды гүл композициялары қойылған. Сондай-ақ саябақ аумағында келушілер үшін 12 арнайы фотозона жасақталған.
Биыл фестиваль аясында шамамен 150 миллион гүл көшетін отырғызу жоспарланып отыр. 2018 жылғы фестивальде Наманганда 4,5 миллион гүл егілсе, 2023 жылы — 35 миллион, 2024 жылы — 45 миллион, ал 2025 жылы шамамен 100 миллион гүл отырғызылған.
Биыл фестивальге 50-ден астам елден 1 миллионнан аса шетелдік турист және шамамен 7 миллион жергілікті тұрғын келеді деп күтілуде.
(АСТАНА. KAZINFORM )